Қазақстан электрондық сауданы дамытуда

Қазақстан электрондық сауданы дамытуда

Қазақстандықтардың шетелдік интернет-дүкеннен тапсырыс берген тауарды күту уақыты біршама қысқаруы мүмкін. Мәжіліс электрондық сауданы реттеуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді шетелдік платформалардан алынған өнім «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа бөлінеді. Сондай-ақ «электрондық сауда операторы» ұғымы енгізіліп, оларды рәсімдеуге арналған арнайы цифрлық декларация пайда болмақ. Бұл өзгерістер кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, шетелден келетін тауарлардың есебін нақты жүргізуге мүмкіндік беруі тиіс. Айта кетейік, былтыр маркетплейстерді қосқанда, елдегі онлайн-сауда нарығы 3,7 трлн теңгеге жетті. Көрсеткіш алдыңғы жылдан 19% өсті.  Осылайша, электронды коммерцияның жалпы бөлшек саудадағы үлесі 14% асты.

Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық Экономика бірінші вице-министрі

- Заң жобасы электрондық сауда операторының тауарларды декларациялау бөлігінде халық үшін кедендік рәсімдерді оңайлатуға; электрондық сауда тауарлары импортының толық әрі шынайы статистикасы мен құрылымын қалыптастыруды қамтамасыз етуге; трансшекаралық электрондық сауда саласын ретке келтіруге және нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған.

Онлайн саудаға қатысты тағы бір тың жаңалық. Қазақстан мен Қытай цифрлық астық платформасындағы алғашқы саудасын бастады. Қазақстандық компания Бейжіңге бұл жаңа әдіспен 200 тонна зығыр майын жібермек. Қазір ортақ онлайн алаңға 50 мың агро кәсіпорын тіркелген. Әзірге платформада дәнді және майлы дақылдар: күнбағыс, рапс, зығыр және соя өнімдері саудалануда. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта импорттаушылар сұранысына қарай экспортқа ұсынылатын өнім түрлері кеңейетінін айтты. Сауда-саттық ашық аукцион, тікелей келісім немесе тіркелген баға тетіктері арқылы орындалады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?