Қазақстандықтар 2025 жылдың соңына дейін таза ауыз сумен толық қамтылады  

Үйлестіру штабының отырысында министрлер кабинетінің басшысы Әлихан Смайылов осындай тапсырма  берді. Оның айтуынша, осы бағыттағы бар өндірістік үрдістерді автоматтандыру тіршілік көзін ысырап етпей, тиімді тұтынуды қамтамасыз етеді. Бұл ең алдымен судың шығындарын және желілер мен жабдықтардың бұзылуын азайтып, қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Елдің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың дерегінше, 2025 жылдың соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда қалалалар таза ауыз сумен 98 проценттей қамтылған. Ал ауыл аймақтардағы көрсеткіш 94 процентке  жеткен. Әлі күнге дейін Абай, Ақмола және Жамбыл өңірлерінің қалаларындағы кейбір аудандар тіршілік көзіне зәру. Сондай-ақ Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан аймақтарының кей ауылдарында таза ауыз су тапшы. Биыл су бұру жүйелерін салу, жабдықтау, және жаңғырту мақсатында қолға алынған 402 жобаны іске асыруға ел бюджетінен 280 млрд теңге бөлінді.