Қазақстан өз аумағында сирек кездесетін металдардың кен орындарын табуға белсене кірісті. Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта «Жаңа мұнайдың» әлеуетті қойнауын іздеу 12 нысанда жүзеге асырылуда. Барлау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан кейін олардың қорындағы минералды ресурстардың көлемін бағалау жүргізіледі.
Еске салайық, былтыр еліміздің шығысында литийдің әлеуетті қоры табылған. Алдын ала бағалау бойынша ол өнеркәсіптік болып табылады, бірақ оларды растау және таралу аймағын белгілеу үшін егжей-тегжейлі зерттеулер қажет.
Сарапшылардың есептеулеріне сай, жаңа кеніште анықталған сирек металдардың қоры 16 млрд долларға бағаланып отыр. Өткен жылы саланы дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Оған сәйкес Қазақстан алдағы бес жылда «Жаңа мұнай» өндіруге 5 млн доллардан астам инвестиция бағыттамақ. Мамандар әлеуетті ресурстарға жалпы құны 46 трлн доллар болатын 5 мыңға жуық кен орны кіруі мүмкін деп болжайды.
Бұл ретте айта кетерлігі, бұған дейін Мемлекет басшысы «Жаңа мұнай» кен орындарын игеруді тапсырған болатын.