Қазақстандағы сыртқы сауданың 30% Еуроодақ үлесінде

Еліміздегі сыртқы сауданың 30% одақ үлесінде. Соңғы деректерге тоқтала кетсек, өткен жылдың алғашқы үш тоқсанында еуропалық компаниялар республика экономикасына 800 млн долларға жуық инвестиция салған. Бұл туралы біздің арнаға берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстандағы Еуроодақтың елшісі Кестутис Янкаускас мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылдағы өзара сауда көрсеткіштері рекордты жаңартып отыр. 2022 жылдың 10 айында тараптар арасындағы тауар айналым бірден 76% өсіп, 32 млрд еуродан асты. ЕО өкілдігінің басшысы бүгінде Қазақстан Еуропа елдерінен өз нарығына 75% тауар импорттаса, шамамен соған жуық яғни 77% тауар экспортталатынын атап өтті. Еуроодаққа жөнелтілген экспорт көлемі қаңтар-қазан айларында 24 млрд 300 млн еуроға жеткен. Ал одақ елімізге шамамен 8 млрд еуроға сауда жасаған.

Кестутис Янкаускас, Қазақстандағы Еуроодақтың елшісі:

- 30 жыл ішінде ЕО елдері Қазақстан экономикасына 76 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Негізінен бұл мұнай мен газ саласы. Елдеріңізде мұнай мен газ саласы қалай дамыса, машина жасау сияқты салалар да  өте жақсы дамыған. Алдағы уақытта осы бағытта өте жақсы көрсеткіштер болуы әбден мүмкін. Бірақ энергия негізгі өнім болып табылады. Болашақта бұл электр энергиясы немесе жасыл сутегі және жасыл энергияны пайдалана отырып, мұнда өндірілетін түрлі өнімдер болуы мүмкін.

Еуроодақ әлі де қазақстандық мұнайды импорттаушы маңызды ел саналады. Одақ тұтынатын шикі мұнайдың шамамен 8%-і біздің елімізден жеткізіледі. Ендігі кезекте  одақ энергияның тағы бір көзі – «жасыл сутекті» сатып алуға да мүдделі. Маңғыстау облысы аумағында экологиялық таза отын өндірісі пайда болады деп күтілуде. Еуропалық инвестицияның қатысуымен қолға алынған жоба 2030 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.