Қазақстан биыл да өз экономикасын әртараптандырып, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беріп келеді. Мәселен үстіміздегі жылы жалпы құны 1,3 трлн теңгеге жуық 180 инвестициялық жобаны енгізу жоспарланған. Оның 164 өңдеу саласына тиесілі. Бұл ретте айта кетерлік жайт, бүгінде Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада 760-тан астам ірі жоба тіркелген. Олардың жалпы құны 35 трлн теңгеден асады.
Айгүл Көшербаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері:
- Халықаралық банктердің болжауы бойынша Қазақстанның экономикасының жалпы ішкі өнімінің өсуі 3-4% аралығы деп айтқан. Бірақ жақында біздің мемлекет беріп отырған ақпаратты салыстырсақ, осы 11 айдың ішінде жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,4% болып тұр. Осы жалпы ішкі өнімнің өсуіне әсер тигізген факторлар қандай? Ең негізінен ол әрине өндіріс деп айтамыз.
Осылайша өңдеу өнеркәсібі импотты алмастырумен қатар, шикізаттық емес экспорттың ұлғаюына тың серпін берді дейді, сарапшы. Мәселен биыл іске қосылған өндірістердің есесінен сыртқа жіберілетін өнімдердің 6 трлн теңгеге артуы және импортқа тәуелділіктің 1,5 трлн теңгеге төмендеуі күтілуде. Яғни, жыл басынан дайын қазақстандық тауарларды өзге елдерге өткізу көрсеткіші 10% астам өскен. Жалпы, 2024 жылы 116 млрд долларға жеткен сыртқы тауар айналымының жартысынан көбі экспорттың үлесіне тиген.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- 2024 жылдың қыркүйек айында Қазақстан алғаш рет Дүниежүзілік Сауда Ұйымы аясында сауда саясатына шолуды ұсынды. Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру кезінде алған міндеттемелерінің орындалу қорытындысы шықты. Шетелдік сарапшылар Қазақстанның экономиканы әртараптандыру, сауда рәсімдерін жеңілдету және ашықтықты арттыру жөніндегі жұмысын жоғары бағалады. Халықаралық қоғамдастық біздің елді сенімді және болжамды серіктес деп таныды.
Қазақстан жаһандық алыс-беріс пен барыс-келісті біріздендіру қамында көлік-логистикалық әлеуетін де арттыруда. Азия мен Еуропаны жалғаушы көпір іспетті елміздің географиялық орналасуы кімге болсын қызықты. Қазіргі таңда ел аумағынан 13 халықаралық дәліз өтеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

