Қазақстан мен Әзербайжан елдерінің іскерлік кеңесі қос тарап арасындағы тауар айналымының артуына ықпал етпек. Кеңеске мүше 59 компанияның отыз бесі Әзербайжанға, ал жиырма бесі біздің елге тиесілі. Бұл – тағам мен тоқыма өнеркәсібі, құрылыс, логистика, көлік салаларында жұмыс істейтін кәсіпорындар.
Юсиф Абдуллаев, Әзербайжанның экспорт пен инвестицияларды ынталандыру қорының жетекшісі:
– Екі ел арасындағы қарым-қатынас саяси, жоғары деңгейде дамып келеді. Сонымен қатар, мәселенің экономикалық жағы өте маңызды. Осы жылдың қаңтар-шілде аралығында тауар айналым өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өсіп, 350 млн долларды құрады. Экспорттық және импорттық операцияларды бөлек алып қарайтын болсақ, ол да дәл осы кезеңде бірнеше есе артқан. Дегенмен біз Қазақстан мен Әзербайжан арасында бұл көрсеткіштердің еселеп өсуіне үлкен әлеует бар деп есептейміз. Осы мақсатта Іскерлік кеңес осы үдерістердің барлығына сеп болатын алаң болмақ.
Бүгінде Әзербайжанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 170-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы 25 жылда аталған елден Қазақстанға 200 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылған, бізден серіктес мемлекетке жүз миллион долларға жуық қаражат бағытталған.
Юсиф Абдуллаев, Әзербайжанның экспорт пен инвестицияларды ынталандыру қорының жетекшісі:
– Кеңестің міндеті – өз қатарын ұлғайту. Бұл – өте маңызды. Біз өз қатарымызда компаниялардың көбейгенін қалаймыз. Менің ойымша, бұл кеңес өзекті мәселелер талқыланатын, кейін үкіметаралық комиссияның қарауына ұсынылатын алаңға айналады деп сенеміз. Кеңес барлық инвестициялық мүмкіндіктерді дайындайтын механизм, платформа болады.