Бүгін Алматыда Әзербайжан мен Армения өкілдері арасында келіссөздер өтеді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан бірнеше рет халықаралық қақтығыстарды реттеу
үшін диалог алаңын ұсынған болатын. Ал, Әзербайжан мен Армения сыртқы саяси
ведомстволары басшыларының кездесуі еліміздің бітімгерлік әлеуетін кезекті рет
арттырмақ. Бұл – саясаттанушы Айдар Әміребаевтың пікірі. Айта кетсек, сәуір
айында Ереванға ресми сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы
қарым-қатынасты дереу реттеуге шақырып, Оңтүстік Кавказ аумағында неғұрлым тез
тұрақтылық пен бейбітшілікті орнату керектігіне назар аударған. Мемлекет
басшысы сол сапар барысында Қазақстанның бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу
үшін тек келіссөз тәсілін қолдайтынын және осы бағытта кез келген қолдау көрсетуге
әзір екендігін де жеткізді.
Айдар Әміребаев, саясаттанушы:
– Қазақстан - Әзербайжан
мен Армения арасындағы бейбіт диалогты орнататын өте бір жақсы алаңға айнала
алады. Біз тараптардың кездесіп, бір мәмілеге келуін талқылай алатын, тіпті, болашақта
бейбіт келісімге қол қоя алатын мүмкіндік жасағымыз келеді. Оның ішінде арадағы шекараның делимитация мен демаркация мәселелері аса
маңызды. Үшінші мәселе – бүкіл әлемдік өзара байланысты қамтамасыз ету және
онда қауіпсіздік мәселесін талқылау үшін жағдай жасауымыз тиіс.