Қазақстанда көктемгі су тасқынына қатысты жағдай тұрақталып келеді. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары мәлімдеді. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, осы аптада Атырау өңірінде су тасқынының шарықтау шегі болжануда. Бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейі Индербор және Махамбет кенттеріндегі су бекеттеріндегі қауіпті белгілерден асып түсті. Қазір бұл қауіпті аймақта алдын алу шаралары қолға алынған. Табиғи апатты ауыздықтауға 7 мыңнан астам адам мен 2 мыңға тарта техника тартылған. Су басқан аумақтардан 119 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге шығарылды. Қазір 55 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды. Премьер-Министр Олжас Бектенов төтенше жағдайдан жапа шеккен азаматтарға шығындарын өтеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Келтірілген залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шаралар белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет. Біз зардап шеккен тұрғындардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуіміз керек.