Ата заң туралы білім мектеп табалдырығынан басталады. Елордадағы Президент орталығында бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге арналған мерекелік ашық сабақ өтті. Партаға алғаш отырған жеткіншектерге бейбітсүйгіш Қазақстанның негізгі ұстанымы, азаматтардың құқығы мен еліміздің Мемлекеттік рәміздері жайлы ақпараттар берілді. Мерекелік реңкте өткен сабақта отан туралы өлең оқылып, ән шырқалды, би биленді.
«Бұл тек Конституцияға, мемлекеттік рәміздерге ғана емес, туған жерге, тарихымызға жасалған құрмет. Оны өскелең ұрпақтың санасына ерте жастан сіңірудің маңызы зор» - дейді ұстаздар қауымы.
Серік Сыдықов, ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары:
– Қазақстан Республикасының ең негізгі байлығы – адам, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады. Ал балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан, мүмкіндігіне қарай осы мектептің табалдырығын аттаған жас балалар, кішкентай бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, болашақта дұрыс жолға түсулеріне ықпал ету мақсатында осындай іс-шара ұйымдастырылып отыр.
Айжан Аринова, сынып жетекшісі:
– Балалар енді ғана партаға отырып, мектеп табалдырығын аттайтын болғандықтан, Конституция, Ата заң, Республика секілді қиын ұғымдарды мен үшін түсіндіру қиын болды. Бірақ, қазіргі балалар өте алғыр, өз ойларын ашық айта алады. Осы сабақты дайындау үлкен еңбек болды.