2021 жылдың I тоқсанында жылдық инфляция 7% дейін баяулады. Бұл туралы Үкімет отырысында елдің биылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау барысында айтылды.
Іскерлік белсенділік жанданып, тауарлар өндірісі 1,8% артқан. Аймақтарда жоғары инвестициялық белсенділік сақталуда. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсуі 34% құрады. Бұл орайда айтарлықтай өсім өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, көлік, құрылыс, сауда және жылжымайтын мүлік салаларында байқалады. Осының нәтижесінде жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны өткен қаңтар-ақпандағы -2,9-дан қаңтар-наурызда -1,6% дейін жақсарды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Жалпы біз экономиканың негізгі салаларындағы көрсеткіштердің біртіндеп жақсару үрдісін көріп отырмыз. Экономикалық белсенділікті арттыруға қосымша жағдай жасау үшін Үкімет бизнесті қолдау бойынша кешенді шараларды іске асыру арқылы жұмысты жалғастыратын болады. Барлық өңір әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі керек. Жалпы Қазақстанның экономикасы жаһандық экономикалық дағдарыстың елеулі әсеріне қарамастан, көрсеткіштердің біртіндеп өсуін көрсетіп отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов