Қазақстанның барлық өңірінің тұрғындары мамыр айынан бастап Enbek.kz Электрондық еңбек биржасы порталы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін қашықтан ала алады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылғы 17 қарашада жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындарына Электрондық еңбек биржасы арқылы ХЖҚО қызметтерін қашықтан көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Осы жылдың 5 қаңтарынан бастап республиканың 40 қаласының тұрғындарына, ал мамырдан бастап барлық қазақстандықтарға осы мүмкіндік берілді.
ЭЕБ-тегі «Жеке кабинетте» қазақстандықтар жұмыс іздеуші адам немесе жұмыссыз ретінде есепке тұра алады және тіркеудің барлық кезеңдерін қадағалай алады. Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азаматтар (әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар) онлайн режимде ЭЕБ-да жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім жібере алады және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын – жастар практикасын, әлеуметтік жұмыс орындарын, қоғамдық жұмыстарды өз бетінше таңдай алады. Жоғарыда көрсетілген қызметтерді онлайн режимде алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, ЭЕБ-да тіркеуден өту қажет.
Жыл басынан бері қызметтерді қашықтан алу мүмкіндігін 34 мыңнан астам адам пайдаланды. 30 мың азамат жұмыссыз мәртебесін алды.
«Жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталығына барғысы келетін азаматтарға үйден шығудың қажеті жоқ. Мұның бәрін бірнеше минут ішінде Enbek.kz порталында жасауға болады, ол үшін тек интернеті бар компьютер мен электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек. Қызмет толықтай автоматтандырылған. Бұл дегеніміз, егер үш жұмыс күні ішінде порталда адамға лайықты жұмыс табылмаса, онда Электрондық еңбек биржасы жұмыссыз ретінде тіркеуді автоматты түрде жүзеге асырады. Осылайша, адами фактор толығымен жойылады», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда барлық жұмыспен қамту орталықтарында құрылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында ЭЕБ арқылы қызметтерді алуға болады. ХЖҚО қызметкерлері онлайн ұсынылатын қызметтер бойынша қажетті кеңестер береді. Бұл азаматтарға Жұмыспен қамту орталығының маманына қабылдауға кезек күтпеуге және COVID-19 пандемиясы жағдайында физикалық байланыстарды азайтуға мүмкіндік береді.
Онлайн қызмет көрсету туралы толық ақпаратты www.enbek.kz сайтында және халықты жұмыспен қамту орталығында алуға болады.
Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде Электрондық еңбек биржасында онлайн тіркелуді азаматтар мына сілтеме бойынша ала алады.
Ақпарат көзі: ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі