Жарқын эмоция мен
жаңа жылдық көңіл-күй. «Астана Опера» театры Дубай мәдениетінде дәл осындай өз
ізін қалдырды. 4 күн бойы қазақстандық әртістер өздерінің жоғары дәрежелі
шеберліктерін шетелдік көрермендерге ұсынды. Дубайдағы бағдарлама Гендельдің
танымал – «Мессия» ораториясымен басталды. Артынша, келесі үш күнде балет
труппасы симфоникалық оркестрдің
сүйемелдеуімен «Дубай Опера» сахнасында жаңа жылдың таңғажайып атмосферасына
көрерменді бөлеу үшін «Щелкунчик» балетін қойды.
Әйгерім Әкімжанова,
тілші:
- Мейірімділіктің
зұлымдықпен күресі туралы ертегі тарихы екі ғасырдан астам уақытқа созылып
келеді. Қай кез болсын Петр Чайковскийдің балеті әлемдегі әйгілі әрі көрермен
көзайымы мәртебесінен айырылмақ емес. «Астана Опера» театрында «Щелкунчик» 2014
жылы Юрий Григоровичтың басшылығымен қойылған еді. Бүгінде, осы спектакль
театрдың мақтанып айта алатын қойылымына айналды. Оны көруге «Дубай Операға»
мыңдаған көрермен келді.
Айта кетер ерекше
жайт, «Щелкунчикті» 10 мыңнан астам адам көрді. Қойылымның билеттері бірнеше ай
бұрын сатылып кетіп, зал әр күні лық толған. Танымал балетті көруге тек
Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары ғана емес, өзге елден келген туристтер
де тамашалады.
Теренс Старр, Лондон
қ. тұрғыны:
- Маған хореография
қатты ұнады. Труппа керемет биледі деп ойлаймын. Костюмдері тіптен керемет.
Оның үстіне, би мен костюды одан да әдемі етіп көрсетуге жарық та көмектесті
деп санаймын. Оркестрдің шеберлігі осы акустикамен қосылғанда тамаша екен.
Река Косзта, Дубай
қ. тұрғыны:
- Мен бұған дейін
«Щелкунчик» балетін көрген едім. Дегенмен, дәл осы қойылымның деңгейі өте
керемет дер едім. Бұл қойылымдағы хореография мен көркем әрлеу тым тамаша.
Маған керемет әсер қалдырды десем, артық айтқаным емес.
Дубайдың бас
сахнасында театрымыздың тәжірибелі әртістері де, жас таланттары да шеберлігін,
қимыл-қозғалыс еркіндігін және ерекше энергиясын паш етті.
Диас Құрманғазы,
«Астана Опера» театрының солисті:
- Көрермендердің
қолдауына қарап, күш алып жатырмыз. Көрермен бұндай шапалақтармен қолдап тұрса,
одан да күшті билеуге барымызды саламыз. Өзіміздің билеп жатқан әртістердің
бет-келбетіне қарасам, бәріне ұнап жатыр, бәрі күліп, бүкіл эмоцияларын салды.
Әлбетте, Дубай тұрғындары мен қонақтарына жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау «Астана Опера» симфоникалық оркестрінсіз мүмкін болмас еді. Спектакль көрсетілген бүкіл күндері маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Абзал Мұхитдин дирижерлік қызметте болды.