Әбдіманап Мырзабай кәдімгі бөрененің өзін өнер туындысына айналдырады. Шебер қарағаш, жаңғақ ағашы және қарағайдан ою-өрнектермен көмкерілген ыдыс-аяқ, сондай-ақ музыкалық аспаптардың да түр-түрін жасайды. Әдетте әр туындыға бір аптадай уақыт кетеді. Бірақ бірнеше жыл бойы еңбек еткен жұмыстары да жоқ емес. 30 жылдық тәжірибесі бар шеберге өз қолынан шыққан дүниелердің нақты санын есептеу қиын. Қазір Әбдіманап Мырзабай өскелең ұрпаққа өз білгенін үйретіп, тәлім беруде.
Әбдіманап Мырзабай, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Үйірмеде қатып қалған қағида жоқ. Кез келген ағаштан әдемі пішін жасауға болады. Бірі астау болса, бірі ожау болып шығады. Әр ағаштың өзіндік қасиеті бар. Ағаш су кезінде тез ойылады. Кейін оны орап қойып, кептіру әдісін қолданамыз.
Ернұр Есіркеп, оқушы:
- Ұстазым өз ісінің шебері, үнемі кеңес сұрап отырамын. Ағашта тұрған құстарды бейнелеп, өлі ағашты тірілттік. Кейін қайрақ қағазбен тегістеп, лактаймыз. Жұмыстарымыз түрлі көрмеге қойылып, жүлделі орынға ие болатынына сенімдімін.