Жұлдыздар қазақстандықтарды мереке күндері үйде отыруға үндеді

Отандық жұлдыздар қазақстандықтарды келе жатқан мерекелерді отбасымен бірге, үйде өткізуге шақырады. Танымал тұлғалардың көбі қазір мейрамдататын уақыт емес деген ұстанымда. Мұндай ойда болудың да себебі жоқ емес. Ол бірінші кезекте, коронавирус індетінің таралуы. Мысалы, музыкант және әнші Әли Оқаповтың айтуынша, қазір жақын жандардың денсаулығын бірінші орынға қоятын кезең, өйткені өз-өзін оқшауда ұстау – ол індеттің бетін қайтарудың ең тиімді жолы, дейді.

ӘЛИ ОҚАПОВ, ӘНШІ:

 - Меніңше, біз өміріміздің жағымсыз сәттерін осы 2020 жылмен жабамыз. Алайда ең бірінші кезекте барлығы тек өзімізге қатысты екенін естен шығармауымыз керек. Бұл сәттерді өткере алу – біздің қолымызда. Тек жауапкершілікті толықтай сезінуіміз керек. Себебі бұл біздің жеке басымызға емес, жақындарымызға да қатысты. Сондықтан мен өзімді  жауапты азамат, музыкант ретінде өз-өзін оқшауда ұстау жалғыз және сенімді әдіс деп сеніммен айта аламын.

Әнші Нұрлан Абдуллин де мереке күндері жақындарымен өткізетінін айтады. Танымал тұлға мейрамды отбасымен атап өтуге ниетті. Оның айтуынша, мұндай тәртіпті олар бірінші локдауннан бері ұстанып келеді.

НҰРЛАН АБДУЛЛИН, ӘНШІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Біз бұл ережелерге үйреніп қалдық. Өз туған-туыстарымызды, жақындарымызды індетті жұқтырып алмауынан барынша қорғауға тырысудамыз. Бір-бірімізге қамқоршымыз. Сондықтан қымбатты қазақстандықтар, мен баршаңызды санитарлық нормаларды,  әлеуметтік қашықтықты сақтауға, бір-біріңізді құрметтеуге және деніміздің саулығын сақтауға шақырамын. Барлықтарыңызды үйде болуға, отбасыларыңызбен бірге болуға шақырамын!

Авторы: Ақзер Сегізбай