Жерді шетелдіктерге беруге тыйым салуды көздейтін заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында екінші оқылымда мақұлданды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалды.
Отырыста сөз алған Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Берік Оспанов бұған дейін мүдделі уәкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 3 отырысы және комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілгенін баяндады.
Берік Оспанов, Мәжіліс депутаты:
- Заң жобасы 5 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады және шетелдік жер пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және жер пайдалану құқығымен қандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізуге қатысты. Заң жобасын Палата ағымдағы жылдың 7 сәуірінде бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсаттарын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді.
Авторы: Ақзер Сегізбай