Ақордада
Қазақстанға ресми сапармен келген Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен
Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға
ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы
ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды. Президенттің
айтуынша, Әмірліктер - еліміздің ең басты
серіктестерінің бірі. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық
жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Былтыр БАӘ-нің елімізге құйған
инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біріккен
Араб Әмірліктері Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың
ондығына кіреді. Сіздің сапарыңыз аясында құны 5 миллиард долларды
құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылады. Оларды
жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай
ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.
Абу Дабидің Тақ мұрагері көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар табиғаты көркем, халқы жайсаң елімізге ерекше қуанышпен келетінін
жеткізді. Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Қазақстан мен
БАӘ арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау және ортақ игілікке бірге
ұмтылу қағидаттарына құрылғанын атап өтті.
Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Абу Дабидің Тақ мұрагері
Бұл
байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік
салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып
жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтиды.

