Осылайша, енді Minerals.gov.kz сайтында лицензиялық аумақтарды бөлу туралы ақпаратты біліп, жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін бақылауға болады. Сонымен қатар инвесторлар да инфрақұрылымнан бастап өткен геологиялық және геофизикалық есептерге дейінгі барлық толық ақпаратқа электронды форматта қол жеткізе алады. Қызметті өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2023 жылдың мамыр айына жоспарланған. Ол Цифрлық даму министрлігі мен Индустрия министрлігі, сондай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясына жүктелді. Қазіргі уақытта платформаның жаңа функцияларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта жер қойнауын пайдаланушылардың лицензиялық-келісімшарттық талаптарының орындалуын мониторингілеу бойынша жаңа функциялар әзірленетін болады.
Қуандық Шүленбаев, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бүгінгі таңда платформа арқылы жер қойнауын пайдаланушылар, инвесторлар қазба байлықтарын пайдалануға тыйым салынған немесе рұқсат етілген заңға сәйкес кез келген барлау жұмыстарын жүргізуге болатын аумақтарды таңдау мүмкіндігіне ие. Платформа 30 мыңнан астам геологиялық есептерді зерттеуге мүмкіндік береді, биыл біз оған тағы 20 мыңнан астам қосымша есептерді жүктеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұл кез келген пайдаланушыға осы есептерді онлайн режимінде қарап, кейін жүктеп алуға мүмкіндік береді. Осылайша, платформа толығымен ашық және онлайн, автоматты режимде не барлауға, не өндіруге лицензия алуға мүмкіндік береді. Ал алдағы уақытта Жер қойнауы туралы кодекске сәйкес бизнес-процестерді одан әрі дамыту жоспарлануда.