Қоғамға тырнағын батырған жемқорлықтың тамырына балта шабу. Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулердің көздегені осы. Енді пара бергендердің ең төменгі шекті айыппұлы екі есеге өсті. Олар берілген соманың 10 нан 20 есеге дейінгі мөлшерін төлеуге міндеттеледі. Бұл орайда парақорлыққа делдал болғандар да дәл осындай көлемде айыппұл төлеуі керек. Бас бостандығын бәйгеге тіккендерді қамауға алуға қатысты қолданылатын мерзім де ұзартылып отыр.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бұрын азаматтарға Қылмыстық кодекстің 367-бабы 2-бөлігінде қарастырылған айтарлықтай ірі көлемде пара бергені үшін ең көп дегенде 5 жыл бас бостандығынан айыру көзделіп, бұл әрекет орта дәрежедегі қылмыс болып есептелетін. Ал жаңа редакцияда жазалаудың жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұзартылды. Енді ол, сәйкесінше ауыр қылмысқа жататын болды. Бұл дегеніңіз, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және жазасын қауіпсіздігі төмен колонияда өтеуге мүмкіндік бермеу болып отыр.