Қазақстанда экологиялық, агро және этнографиялық туризм дамиды

Осыған байланысты республикада маршруттар, соқпақ жолдар, көру алаңдары және автотұрақтар жабдықталады. Бұл ретте ұлттық саябақтарға, әсіресе, Алматы облысындағы Алтын-Емел, Көлсай көлдері, Іле-Алатауы және Шарын шатқалына ерекше назар аударылмақ.

Нұрбол Байжанов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:

- Қазақстанда ұлттық парктерді дамыту үшін 2019 жылдан бастап экожүйеге артық салмақ түсірмейтін негізгі салаларда басқару моделі енгізілді. Нәтижесінде парк аумақтарында адамдардың шоғырлануы 5% аспайды. Мәселен, Аюсай шатқалында туристер орталығы бой көтерді, Үлкен Алматы өзені арқылы өтетін көпір жөнделді, оқу жолы жасалып, абаттандырылды, глэмпингтер мен кемпингтер ашылды. Өткен жылы да Түргенсайда визиттік орталық ашылды. Алтын-Емелде қоқыс жәшіктері, ақпараттық тақталар орнатылды. Бұл ретте экотуризмді дамыту мақсатында сапаны бағалау жүйесі бар ерікті түрдегі сертификаттау енгізіледі. Сондай-ақ қонақүйлерді тіркеу және онлайн брондау жүйесі де іске қосылады.

Агротуризмге келер болсақ, қызығушылық танытқандардың барлығы шаруа қожалықтарымен танысып, оларға шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Өнімдердің дәмін татуға да мүмкіндік беріледі. Осыған орай демалыстың осы түрін ұнататындарға перспективті аймақтарды анықтап, тартымды орталық бола алатын нүктелерді нақтылау үшін зерттеу жүргізіледі. Этнографиялық туризмді айтар болсақ, оның аясында қолөнершілер пулы қалыптасады. Сондай-ақ мамандықтың мәртебесі бекітіледі. Шеберханалар желісі бар орталықтар ашылады, ұлттық қолөнер бұйымдарының стандарттары мен көрнекі бірегейлігі пайда болады. Бұл өнер ел ішінде де, шетелде де насихаттала бермек.