V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шетелдіктер де дайындықтарын пысықтауда

Төрткүл дүние көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық шетелдерде де қызу жүріп жатыр. Дүбірлі додада Мажарстан елінің  спортшылары да бақ сынайды. Олар тоғызқұмалақ және мангала бойынша жарысқа түспек. Мажарлықтардың дайындығы өзгеше. Шыққан тегіміз қыпшақтар дейтін бауырлас халыққа көшпенділер салты мен ойындары таңсық емес. Дегенмен, жаттығулардың жөні бөлек. Бұл ретте олар физикалық жаттығулардан бөлек, жасанды зияткерлік көмегіне жүгінуді жөн көріпті.  

Балаж Гёнтер, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы, Мажарстан:

– Мен тоғызқұмалаққа арналған компьютерлік бағдарлама жаздым. Ол әзірге өте қарапайым, алайда бағдарлама әр қадамды жылдам ой елегінен өткізуге көмектеседі. Жуырда достарыма мангала мен тоғызқұмалақ ойындарын көрсеттім. Мен Мажарстанда осы ойын түрлерінен орталық құруды жоспарлап отырмын. Осылайша, көптеген адамдарды осы ойын түрлерімен айналысуға шақырғым келеді. 

Тимеа Янурик, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы, Мажарстан:

– Бізде Мажарстанда асыққа ұқсайтын ұлттық ойынымыз бар. Біз ол ойынға сүйек, тас, түйме пайдаланамыз. Ол кезде мен асық ойынының бар екенін білмедім. Бұл біздің ортақ тарихымыздың айқын көрінісі деп білемін. Мажарстан үшін бұл тіпті керемет. Себебі, біз қазақ халқы арқылы өз тарихымызды танып-біліп жатырмыз. Мен үшін ойыннан бөлек, қазақ халқының мәдениетімен танысу аса маңызды. 

Бүгінде күрестен бағы мен бабын сынау үшін түркиялық балуандар да өтініш берген. Бұл ойын түрінен 5 спортшы ептілігін байқап көрмек. Олар дода басталатын күнді асыға күтуде. 

Аныл Беркан Кылычсаллаян, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы, Түркия:

– Мен үшін бұл үлкен тәжірибе болмақ. Түркі мемлекеттерінің адамдарымен танысу, халқымен тілдесіп, бір-бірімізбен жақын араласу – ойынның түпкі мақсаты осы деп ойлаймын. Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары Түркі елдері үшін, біз үшін аса маңызды. Бұл тәжірибе үшін жақсы болғанымен, біз де жеңістен үміттіміз.

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Дүбірлі додаға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Орталық Азияның көшпелі халықтарының дәстүрінен бастау алатын этникалық спорт түрлерін көрсететін бірегей халықаралық іс-шарада барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.