Құрық портында құрылысы аяқталған жаңа астық терминалы осы айда бидайдың алғашқы партиясын тасымалдайды. Қазір оның жұмысы толық сыналып жатыр. Оның қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнім өткізуге қауқарлы. Теңіз айлағының басшылығы жоба арқасында дәнді дақылдарды өзге елдерге экспорттау көлемі артатынын айтады. Сәйкесінше, бұл Қазақстанның өңірдегі негізгі көлік торабы ретіндегі орнын нығайта түспек. Бұл ретте айта кетерлік жайт, бүгінде Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға тасымалданатын жүктердің 80% астамы Қазақстан арқылы жіберіледі. Транскаспий халықаралық көлік бағытының осы бір бөлігі өңірлер арасындағы логистиканы едәуір жеделдетеді. Биыл осы дәліз арқылы бір жарым млн тоннадан астам тауар тасымалданды. Желтоқсанның соңына қарай бұл көлемді 2 млн 300 мыңға дейін жеткізу межеленген. Жалпы, 2017 жылдан бері портта 10 млн тоннадан астам жүк өңделді.
Бақыткерей Әлібеков, Құрық порты бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары:
– Солтүстік пен оңтүстік дәліздерге қарағанда қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты Орта дәліздің маңызы артып келді. Жылдан жылға көлік айналымы да өсіп келе жатыр. Осы 2024 жылы бүгінгі таңына келгенде біз 18 мың көлік өңдеп, қабылдап, жіберіп тастадық.
Жеңіс Ермұқанов.