Азия даму банкі Қазақстанның қор биржасына 20 млн долларға жуық қаржы тарту арқылы елде алғашқы гендерлік облигацияларды орналастырды. Бұл жөнінде қаржы институтының өкілдері мәлімдеді.
Халықаралық банк қазынашысының орынбасары Джонатан Гросвенордың айтуынша, осы акциялар нәзік жандылардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту және гендерлік теңдікті ынталандыруға бағытталған.
Осылайша, 38 млрд теңге отандық «әйелдер ипотекасы» жобасын қаржыландыруға жұмсалады.
Айта кетейік, Отбасы банкі жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы болып белгіленді. Сыртқы займға Қаржы министрлігі кепіл болады.
ДЖОНАТАН ГРОСВЕНОР, АЗИЯ ДАМУ БАНКІ ҚАЗЫНАШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бұл жоба кемінде 3 мың әйелді қолжетімді баспана алуға үзақ мерзімге қаржыландыруға мүмкіндік береді. Несие алуға ниеттілер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау және Атырау сынды ірі қалалардан тыс жерлерде тұруы шарт. Яғни, оның ішіне ауылдық жерлер де кіреді. Әрине, бірінші кезекте міндетті түрде кәмелет жасына келген, Қазақстанның азаматтығы бар әйел адам болуы керек. Біздің банктің қаржыландыруы арқылы несие рәсімдейтіндердің кемінде 20 проценті отбасылық айлық табысы 200 мың теңгеден төмен аз қамтылған әйелдерге беріледі.
Сала мамандарының берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, Қазақстанда қазіргі таңда 9 миллионнан астам әйел адам тұрады. Олардың 4,5 миллионға жуығы жұмыспен қамтылған. Олардың жартысы өз отбасын қамтитындар. Жалпы әйелдер орташа жалақыны ерлерге қарағанда үштен бір есе аз алады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов