Токиода Азия қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Іс-шараға Малайзия, Корея, Моңғолия және Жапониядан 200 жуық отандастарымыз қатысты. Күншығыс еліндегі Форумға Қазақстаннан да үлкен делегация барды. Алқалы жиында Азия қазақтарының кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аймақтағы қазақ ұйымдарына ортақ жобаларды іске асыруға жол ашады. Бас қосу тарих, шығыстану және этнография саласындағы ғалымдардың іргелі баяндамаларына ұласты. Құрылтай аясында жәрмеңке ұйымдастырылып, зергерлік әшекейлер мен ұлттық киім үлгілері ұсынылды. Жиын заманауи және халық музыкасының концертімен аяқталды. Айта кетейік, бұл жиынды Жапония қазақтары қауымдастығы, Отандастар қоры және Қазақстанның Жапониядағы елшілігі бірлесіп ұйымдастырды. Азия қазақтарының келесі құрылтайы 2027 жылы Моңғолияда өтеді.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Кез-келген елмен-елді жақындастыратын тек қана саясат
емес, әрине өнер, мәдениет, білім. Жақын келешекте осы Азия елдеріндегі қандастарымыздың басын
біріктіретін арнайы кеңес құрылып, осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасатындығы
қуантады. Бастысы жастардың өзінің ұлттық жадын сақтауға, тілін, мәдениетін
дәстүрін сақтауға үлкен қолдау көрсететін осындай кеңестің болғандығы қуантады.
Дүйсенәлі Әбділәшімұлы, Токио шет тілдер университетінің профессоры:
- Осы Жапонияда шыққан кітабым жалпы қазақ хандығы кезіндегі
тарихи деректер болды. Бұны мына жиында құрылтайға келген қонақтарға таныстырып
айттым. Бұның бәрі де жалпы қазақ халқының мәдениетін, тарихын, дәстүрін
әлемдегі елдерге, өзіміздің отандастарға бір жағынан таныстыру еді.

