Президент өз Жолдауында елімізді күтіп тұрған өзгерістерге тоқталып, олар өзгелерге жақсы көріну үшін жасалмайтынын тілге тиек етті.
«Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның азаматтық қоғамы қалыптасқан мемлекетке айналатынын алға тартты: «Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз».