Қазақстан 2025 жылға дейін көлік бағыттарын әртараптандыру және логистиканы дамыту үшін 20 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде мәлімдеді. Ол транзиттік коммуникациялар әлеуетін арттыру ерекше маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан арасындағы құрлық ішіндегі көлік-транзит дәліздерін дамытудың маңыздылығына тоқталды. Президент Astana Hub халықаралық технопаркі негізінде түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құруды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл құрылым сауда, көлік, су ресрурстарын, ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етуге қатысты цифрлық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев самитте көтерген тағы бір маңызды мәселе – Түркі «жасыл» қаржы орталығын құру. Президент оны «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында ашуға болатынын да айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлем елдері соңғы 7 жылда «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаржы бөлді. Осы ретте мен бұл саладағы капитал нарығын дамыту үшін «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынамын. Оны «Астана» халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы негізінде ашуға болар еді. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдегі ірі компаниялар арасында танымал болып, жоғары деңгейде мойындалды. Ол жаңа Кеңестің Хатшылығы қызметін атқара алады.
Сонымен қатар мемлекет басшылары Самарқандта Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге келді. Сондай-ақ, түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларциясы мен бірқатар құжаттарға қол қойылды.