ЮНИСЕФ Қазақстанның балалар құқығын қорғау жолындағы жұмыстарын жоғары
бағалайды. Бұл жөнінде Астанада БҰҰ
Балалар қорының Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры елдің Мемлекеттік
кеңесшісімен кездесуінде айтты. Ерлан Қарин Реджина Де Доминичиске республикада
бұл бағытта қолға алынып жатқан негізгі реформалар туралы айтып берді. Қазір
Қазақстанда психологиялық және отбасылық қолдау орталықтары желісін дамытуға,
зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға арналған жаңа әдістемелерді енгізуге
басымдық берілген. Сондай-ақ ол осы саладағы мемлекеттік саясаттың барлық
бағытын біріктіретін «Қазақстан балалары» атты кешенді бағдарламаға тоқталды. Бала
құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Safe Kids атты ұлттық бағдарламаны
таныстырды. ЮНИСЕФ-тің аймақтық директоры жаңа өңірлік бастамалар аясында
ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

