ЮНЕСКО-ның Мұздықтарды зерттеу орталығы Қазақстанда өз жұмысын жалғастырады.
Мәжіліс тиісті келісімді қабылдады. Бұған дейін аталған келісім 2017 жылы алты
жыл мерзімге ратификацияланған еді. Жаңа құжат аясында орталық жұмысы алдағы 8
жылға бекітіліп, Тұйықсу, Жосалы Кезең асуы, Үлкен Алматы шыңы маңында
орналасқан 3 станцияда жүргізілмек. Зерттеулер Орталық Азия мемлекеттерінің салалық
органдарына және халықаралық ғылыми ұйымдарға Сырдария, Әмудария, Шу, Іле,
Талас өзендерінің су деңгейі туралы есеп ұсынады. Жалпы еліміздің аумағындағы
мұздықтар соңғы 60 жылдан астам уақыт үздіксіз зерттеліп келеді. Дәл осы 2
санаттағы гляциология орталығы Қазақстанның бастамасымен құрылғанын айта кету
керек. Ол әлемнің 9 елінде 21 ұйыммен әріптестік орнатқан.
Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
- Орталық қызметінің тиімділігі 2023 жылы ЮНЕСКО аудитімен расталды. Сарапшылар оның Орталық Азиядағы ЮНЕСКО аясындағы жұмыс істейтін жалғыз
мамандандырылған гляциологиялық орталық ретінде ерекше мәртебесі бар деп атап
өтті. Бұл орталық су қауіпсіздігі
саласында Орталық Азиядағы ғылыми жетістіктердің деңгейін арттыруға
ықпал етеді.

