ЮНЕСКО: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көне өркениеттер мұрасын насихаттайды

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары адамзат өркениетінің мәдени мұрасын сақтаудың жарқын көрінісі. Бұл жөнінде Президенттік орталықта «Ұлы Дала дүбірі» тартыстары аясында өткен халықаралық жиында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының төрағасы айтты. Симона Мирела Микулеску бұл дәстүрлі шара этникалық спорт түрлері бойынша өткізілетін ең ірі халықаралық спорт жарыстарымен шектелмейтінін тілге тиек етті. Байрақты бәсекеде көшпелі халықтардың бай мәдени мұрасы мәшһүр етіледі. Бұған Ұлы дала өркениетінің тал бесігі, кіндік қазығы Қазақстан астанасында өтіп жатқан этношарада көзі жеткенін атап өтті. Қадірменді мейман осы игі дәстүрді кейінгі ұрпаққа мирас етудің маңызына ерекше тоқталды. 

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен өтуде. Бұл ойындар халықаралық ұйымның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. 

Симона Мирела Микулеску, ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының төрағасы:

– Мен Бас конференцияның президенті немесе Румыния елшісі ретінде де айтар ойымның түп маңызы мен мағынасы бір. Үкіметтер немесе азаматтық қоғам ғана емес, барлығымыз да ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл игі істе жастардың рөлі айрықша. Сондықтан мен жарқын болашақ – жас ұрпақ өкілдерін мәдени және рухани мұраларыңызды сақтауға, қорғауға, бағалауға және сүюге шақырамын. Бұл ретте дәстүрлі спорт түрлерінің де орны ерекше деп санаймын.