Ою өрнек сыры, қамшы өру, кесте тігу және ноқта-жүген түю. Мәскеудегі қазақ диаспорасы ұлттық қолөнер үйірмелерін жандандырды. Олар басты мақсатымыз – атадан қалғаны мұраны сақтап қалу дейді. Шетелдегі қандастарымыз бұл шараны Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырған екен. Бүгінгі таңда Мәскеуде 10 мыңнан астам қазақ тұрады. Олар елден жырақта жүрсе де ұлттық тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп келеді.
Айшат Байғазиева, Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті:
- Ұлттық мерекелерде бас қосамыз. Бірге «Бақытты балалық шақ» атты конкурстар өткіземіз. Біздің ұрпақтарымыз қашан да біздің ізбасарларымыз болып, тілімізді, дінімізді ұмытпай, өз тілінде сөйлей беруіне атсалысамыз.
Аридаш Наукенова, оқушы:
- Кішкентай кезімнен барлық қазақ байқауларына, түрлі шараларға қатысып келемін. Өз басыма қатты ұнайды. Әсіресе ою-өрнек жаныма жақын. Ұлттық өнерді барынша терең меңгергім келеді.
Ендігі кезекте қазақ тілі сыныбын ашу жоспарланып отыр. Осылайша жырақта жүрген қандастарымыз ана тілін жетік меңгеретін болады.