«Қазақпараттың» халықаралық медиа нарықтағы беделі артады. Астанада ҚР
Президенті Телерадиокешені Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігімен ынтымақтастық
туралы меморандумға қол қойды. Іс шара «Қытай – Орталық Азия» ақпарат
агенттіктерінің форумы аясында жүзеге асты. Құжатта жаңалық алмасу, бірлескен
тренингтер мен семинарлар өткізу, мультимедиалық іс-қимылдың жаңа форматтарын
дамыту, ақпаратты ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген. Форум
қарсаңында қытайлық агенттік мен Президент Телерадиокешені басшылары кездесу
өткізді. Тараптар байланысты нығайту, өңірдің халықаралық ақпарат
кеңістігіндегі үнін күшейту бағытында өзара ынтымақтастық мәселелерін
талқылады. Ал Форумда Президент Телерадиокешенінің директоры Орталық Азия мен
Қытайдың ортақ ақпараттық және мәдени кеңістік құруының маңыздылығын атап өтті.
Раушан Қажыбаева, ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры:
- Қазақ халқы «Алыстағы ағайыннан - жақындағы көршің артық» дейді. Біз жай
көршілер ғана емеспіз, өзара құрмет пен диалог әлемін құрушымыз. Бүгін бір
нәрсені анық айта аламыз, Орталық Азия мен Қытай халықтарының ортақ болашағы
үшін және елімізді гүлдендіру бағытында бірге қадам жасауға дайын. Бірлескен
жобаларымызды кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз.
Бұл ретте Kazinform Қытайдың әлеуметтік желілеріндегі белсенділігін
арттырып келеді. Агенттіктің Weibo және WeChat платформаларындағы ресми
аккаунттары Қазақстан жаңалықтарын жедел әрі тиімді таратуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде «Синьхуа» ақпарат агенттігінің бас директоры Фу Хуа өзара іс қимылды
нығайту мақсатында Жаһандық Оңтүстік елдерінің БАҚ және сараптамалық
орталықтары арасындағы әріптестік бағдарламасын әзірлегенін атап өтті.
Фу Хуа, «Синьхуа» ақпарат агенттігінің бас директоры:
- Осы форумдағы мүмкіндікті пайдаланып, ынтымақтастықты талқылай аламыз,
Қытай мен Орталық Азия ақпарат агенттіктерінің үнін бүкіл әлем естуі үшін даму
бағыттарын бірлесе жоспарлап, күш-жігерімізді біріктіре аламыз. Бұл ортақ
тағдыр қауымдастығын құруға ақпарат агенттіктері қоса алатын үлесті арттырады.
Біз Жаһандық Оңтүстік елдерінің, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттерінің БАҚ,
сараптамалық орталықтары, мемлекеттік мекемелері, компаниялары мен жоғары оқу
орындарының түрлі саладағы практикалық ынтымақтастығын ілгерілетуге белсенді
қатысады деп үміттенеміз.
Диалог алаңында Орталық Азия елдері
ақпарат агенттіктерінің басшылары екіжақты және көпжақты гуманитарлық
байланыстарды дамыту мен бірлескен жобаларды ілгерілету, контент алмасу, кадр
даярлау мәселелерін талқылады. Сонымен
қатар, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ресурстарды бірлесіп пайдалану келешегі
пысықталды.

