Павлодарлық «Майдан жолы» іздеу жасағы
жаңа экспедицияға атанады. Кезекті сапар
соғыс оты шарпыған бірден екі мемлекет Беларусь пен Ресей аумағында өтеді. Қайырымды
ұрпақтың мақсаты - Отан үшін от кешіп, майдан даласында із-түссіз жоғалып
кеткен қазақстандық жауынгерлерді тауып, есімдерін ұлықтау. Бұл жолғы бағыт –
ерекше. Іздеу жасағы алғаш рет Куриль десантының ізімен жүрмек. 1945 жылдың
тамызында кеңес әскері Шумшу аралына десант түсіріп, бұл операция Совет-Жапон
соғысының бір бөлігіне айналды. Экспедиция аясында павлодарлық жауынгер Рахман
Жайбосынов жерленген бауырластар зиратына қазақ топырағы жеткізіледі. Оның
соңғы шайқасы Беларусь еліндегі Могилёв облысында өткен.
Ақылзада Кенжебаева, Рахман Жайбосыновтың немересі:
- Анамыз бұл өмірден он бір жыл бұрын өтті. Бірақ оның ең үлкен арманы
әкесінің жерленген жерін табу еді. Өкінішке қарай, ол бұл сәтті көре алмады.
Алайда іздеу жүйесінің көмегімен біз атам- Рахман Жайбусиновтың қайда
жерленгенін анықтадық. Осыған байланысты мен «Майдан жолы» іздеу жасағының
командирі Александр Шитовқа өтініш білдіріп, атам жерленген бауырластар
зиратына қазақ топырағын апарып қоюды сұрадым.
Александр Шитов, «Майдан жолы» іздеу жасағының командирі:
- 15 жыл ішінде 231 сарбаз бен офицердің сүйегі табылып, жер қойнына
тапсырылды. Қазақстаннан шыққан көптеген жауынгердің есімі анықталып, есте
қалатындай етіп мәңгілікке жазылды. Олардың құрметіне 20 астам ескерткіш пен
Кеңес Одағының Батырларына арналған мүсіндер орнатылды. Биыл Беларусь
Республикасындағы №8 мектепке қазақстандық батыр – Кеңес Одағының Батыры Иван
Максимович Катаевтың есімін беру жоспарланып отыр.

