Қазақстанда алғаш рет ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған этно-форум өтті

Қазақстанда алғаш рет ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған этно-форум  өтті

Мектеп оқушылары бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында Астанада өткен халықаралық форумда сарапшылар, ұстаздар ескі дәстүрлер негізінде рухани-адамгершілік тәрбиесі туралы өз пікірлерін бөлісті. Олардың пікірінше, жаһандану дәуірінде жас ұрпақты тәрбиелеу арқылы құндылықтарды жоғалтпай, мәдени кодты сақтап қалу маңызды. Ол үшін өскелең ұрпақ өз халқының салт-дәстүрін білуі керек. Ал мұны, мысалы, еңбек немесе ән айту сабақтарында үйретуге болады. Шара барысында қолөнершілер ниет білдірушілерге қосымша шеберлік сабақтарын да өткізді.  

Салтанат Жапарова, Қазақстан этно-дизайнерлер одағының президенті:

– Мәдениетпен ұштастырып отырған  бұл үлкен этно-форум мақсаты осы біздің ата-бабадан келе жатқан ұлттық қолөнерімізді, жалпы мәдениетімізді насихаттау, ұрандатып, жас ұрпақ бойына енгізу. Біздің  қолөнерімізді көркем еңбек пәні мұғалімдерінің тәжірибесін шыңдату, шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылады. Олар біздің оқушылармызды, яғни ұрпағымызды тәрбиелеушілер. Балаларымызды да қосуды жөн көрдік. Оқушыларымыз ол жерде форум аясында ұршық иіруден қыз балаларымыз, қамшы өруден ұл балаларымыз сайысқа түседі. 

Халықаралық форум аясында ұлттық киімдер, ойындар мен тағамдар таныстырылды. Өз еңбектерін тек еліміздің ғана емес, Түркияның, Әзербайжан мен Якутияның қылқалам шеберлері мен кәсіби модельерлері ұсынды. Мақсат Сайнидинов форумға Қырғызстаннан келді. Шебер бүгінгі таңда Орта Азия елдері өнеріне дүниежүзінде қызығушылық артып келе жатқанын ертеден байқағанын айтады. Оның айтуынша, егер жастарымыз оған хобби ретінде қараса, нұр үстіне нұр.

Мақсат Сайнидинов, шебер:

– Дүниежүзінен біздің  түркі елдерінің қолөнерінің  ойып алар орны бар. Қазақ, қырғыз, өзбек қолөнер шеберлері Еуропа, Америка елдерінде өз еңбектерін, ұлттық киімдері мен киіз үйлерін паш етіп келеді. Сонымен қатар Франция  төрінде дефилелерге де шығып, бүрмелі көйлектіріміз бен қамзолдарымызды көрсетіп, таң қалдыруда. Ондағы оюлардың философиясы  мен тігу дәстүрі көне дәстүрге сай кестеленеді.