БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде Түркі әлемінің көрмесі өтті. Онда мәдени жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Түрікменстанның танымал қылқалам шеберлерінің суреттері мен фотосуреттері ұсынылды. Халықтардың бай және түрлі мәдени мұрасы мен түркі өркениеттерінің тарихи үлесін көрсететін экспозиция Түркі апталығы аясында өтті. Іс-шараға дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Түркі апталығының мәдени бағдарламасы аясында конференциялар, фотокөрмелер, сондай-ақ түркі әлемінің көркемөнер ұжымдарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.
Кубанычбек Омуралиев, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы:
– Түркі апталығы бағдарламасын бастау туралы шешім былтыр БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде Түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің өкілдерімен талқылаудан кейін қабылданды. Шараны өткізу туралы тапсырманы Ұйымның Мемлекет басшылары өткен жылдың қарашасында Астанада өткен Саммит барысында берді. Түркі апталығы бағдарламасы қатысушы елдер арасындағы бірлік пен өзара түсіністікке ықпал ететін түркі мәдениетін ілгерілетуге бағытталған. Болашақта мұндай іс-шараларды әлемнің түкпір-түкпірінде жиі өткізуді көздеп отырмыз.