Ветеринарлық секторда білікті жас кадрлар жетіспейді. Себебі аграрлық салада ең төменгі жалақы алатын мамандықтардың бірі – ветеринарлық дәрігерлер. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті. Министр, жауапты ведомство Президент тапсырмасына сәйкес, ветеринария жүйесін реформалау үшін қажетті шаралар кешенін әзірлегенін айтты.
Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы Министрі:
– Қазіргі заманғы қоғамның үрдістерімен тең табыс табу мүмкіндігінің болмауы, еңбектің қиын жағдайлары, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның дамымауы жас мамандар арасында мал дәрігері кәсібінің тартымсыз болуына әкеп соқтырды. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Республика бойынша орта есеппен 33,4 процент мемлекеттік тапсырысты орындағаны үшін тарифтерді іздестіру есебінен ветеринар мамандарының жалақысы артты. Жыл соңына дейін одан әрі 60 процентке дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Сондай-ақ сауықтыруға арналған жәрдемақыны екі есе ұлғайту жоспарланып отыр. Министр мәлім еткендей, бұл мал дәрігері кәсібінің беделі мен құзыретін арттырады. Айта кетейік, 2020-2021 оқу жылында Республикада 1 283 ветеринария маманы жоғары оқу орнын бітіріп шыққан. Министрлік жаңа реформада алдағы оқу жылынан ветеринарлық мамандықтар үшін ауылдық квотаны 70 процентке дейін арттыру көзделгенін жеткізді.