ҚР Үкіметі Ұлттық Банкпен бірлесіп дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын әзірледі. Ол Украинадағы оқиғалардың Қазақстанға ықтимал теріс әлеуметтік-экономикалық салдарына қарсы шұғыл әрекет етуді көздейді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. Іс-қимыл жоспары инфляцияны бақылауға және валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шараларды қамтиды. Сондай-ақ ауылдарға, моно және шағын қалаларға, елорда мен қалалардың шеткері аймақтарына баса назар аударылады. Оларды дамытуға 200 млрд теңгеге дейінгі қаражат бөлінбек. Мемлекеттік қолдау өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін қамтиды.