Трансформаторлар әлеміндегі қазақ батырлары. Алматы облысының тұрғыны Қуаныш Мұхамеджанов Ұлы дала елінің жауынгерлерін құрастыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, ол қолынан шығатын дүниелердің барлығын металл сынықтары мен шаңсорғыш бөлшектерінен жасайды. Мүсінші бұл іске комикс пен кино кейіпкерлеріне деген қызғушылығының арқасында келген. Қазіргі уақытта автоботтардың көшбасшысы саналатын Оптимус Праймның бейнесін жасауда. Ал ең алғаш құрастырған фигурасы – Бамблби болған.
Қуаныш Мухамеджанов, скульптор:
- Мәселен, менің алғашқы жұмыстарым түрлі металл қалдықтарынан жасалған болатын. Кейіннен үйде көптен бері пайдаға аспай жүрген пластик заттардың біраз жиналып қалғанын байқадым. Сіздер жақсы білетіндей бұл материал 1000 жыл бойы шірімейді. Сондықтан мен шаңсорғыш, теледидар сынды істен шыққан қондырғыларды лақтырмаймын. Бос жатпасын деп ескі заттардан бір арт нысан жасауға бел будым. Алғашқы роботым сәтті шығып, адамдар менің құлтемірлеріме қызығушылық таныта бастады.
Бір роботты құрастыру үшін кемінде 1 ай қажет, өйткені барлық бөлшектерді бір уақытта тауып алу мүмкін емес. Мүсіншінің айтуынша, материалдарды тікелей құрастырудан гөрі оны іздеуге, сұрыптауға және дайындауға көп уақыт кетеді. Мысалы, бір автороботты жасап шығару үшін 15 ескі шаңсорғыш қажет.
Қуаныш Мухамеджанов, скульптор:
- Ең жылдам жиналған роботым 1 аптаның ішінде құрылды. Оған қажет материал болған соң мен осы құлтемірді жасап шығамын деп шештім. Ол жұмысқа 7 күн жұмсадым. Динобот ең қиындық тудырған жұмыстарымның бірі болды. Ол роботқа шамамен 2 ай уақытым кетті. Салмағы да өте ауыр болды. Себебі меттал қалдықтарынан құрастырылды. Жалпы салмағы 1 тоннадан асты. Маған ұнаған соң осы тектес басқа да динозаврларды жасай бастадым.
Жалпы, Қуаныш Мұхамеджанов 30-ға жуық мүсін жасап шығарған. Сонымен қатар терминаторлар, косплей костюмдері де бар. Олардың көпшілігі автордың өзі ашқан музейге қойылған. Оның айтуынша Қазақстанда мұндай музей жалғыз. Шебер болашақта музейді кеңейтіп, робототехника және арт-нысандар жасау бойынша екі шеберлік сыныбын ашуды жоспарлап отыр.
Авторы: Әсел Күшенғалиева