Экологтар алаңдаулы. Қазақстанда қар барыстары популяциясы айтарлықтай азаюы мүмкін. Мамандардың айтуынша, киелі аңдар тау асып, азық іздеу мақсатында Қырғызстан, Қытай және Моңғолия асып кетіп жатыр. Бұған мамандардың өзіндік түсіндірмесі бар.
Сәкен Ділдахмет, эколог:
- Таулы аудандарда инфрақұрылымды дамыту, қонақ үйлер салу, жол салу. Бұл – біздің алдымыздағы үлкен проблема. Мұның бәрі жабайы жануарларға кері әсер етеді. Сондай-ақ қауіпсіздік факторына байланысты олар өзге елге жер аударады. Себебі Қазақстанда өмір сүретін қар барыстары Қырғызстан, Моңғолия және Қытайға ортақ. Олар жыл сайын осы елдер арасында жүреді.
Қар барыстарына төнетін тағы бір қауіп - браконьерлер. Бүгінде фототұзаққа түскен қар барыстарын сақтау үшін мамандар түрлі қулықтарды қолданып келеді. Мысалы, тұзаққа түскен барыстың видеосын көпшілік назарына ұсынбас бұрын, материал өңделіп, дизайнерлер ландшафтты өзгертеді. Бұл браконьерлердің киелі аңдардың тіршілік ету ортасын анықтай алмауы үшін қажет.
Аян Мейраш, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:
- Соңғы бірнеше жыл қатарынан бізде қар барыстарына қатысты браконьерлік фактілері болған жоқ. Олар Қазақстандағы Қызыл кітапқа енген және бүкіл әлем бойынша аулауға тыйым салынған. Браконьерлік факті орын алған жағдайда да олар оны ешқайда апара алмайды.
Сәкен Ділдахмет, эколог:
- Жергілікті тұрғындардың атсалысуы үшін гранттық жобаларға қаражат бөлу керек. Мысалы, Моңғолияда адамдар әлсіз, жарақаттанған барысты тауып алып, ол туралы тиісті органды хабардар етсе, мемлекет сыйақы түрінде ақша бөледі.
Эколог мамандар Қазақстанда қар барыстарының санын сақтау бойынша кешенді бағдарлама қабылдау керек.
Айта кетейік, бүгінде елімізде ресми деректерге сәйкес 130-150-ге жуық қар барысы мекен етеді.