Вашингтонда Қазақстанның инвестициялық-экономикалық әлеуеті таныстырылды

Вашингтонда Қазақстанның инвестициялық-экономикалық әлеуеті таныстырылды

Қазақстанның жаңа инвестициялық саясаты Вашингтондағы америкалық инвесторлар мен іскер топтар өкілдеріне таныстырылды. АҚШ-тың Сауда палатасында Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы сессиялары қарсаңында дөңгелек үстел өтті. Ел Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Chevron, ExxonMobil, Mastercard, General Electric, Pfizer сияқты ірі компаниялардың өкілдерімен кездесуде мұнай-химиясы, АӨК мен металлургиядан бастап AI және цифрлық технологияларды енгізуге дейінгі өзара әріптестіктің басым салаларын таныстырды. Жалпы басқосуда Қазақстаннның Орталық Азиядағы тұрақтылықтың сенімді кепілі және экономикалық өсімнің орталығы ретіндегі серіктестіктің жаңа деңгейіне өтуге ерекше назар аударылды.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Кездесуде қозғалған мәселелер тек Қазақстанға салынатын инвестициялармен ғана шектелген жоқ. Әсіресе, көбі еліміздің Орталық Азиядағы рөлі мен  беделін нығайтуға қатысты қолға алған шараларына қызығушылық білдірді. Олар өз инвестицияларының қауіпсіздігіне ғана емес, жалпы өңірдің қауіпсіздігіне жауап беретін сенімді серіктес елді көргісі келеді. Бұл тұрғыда, терең талқылаулар болды.  

Бұл ретте америкалық инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығы тек бай табиғи ресурстармен ғана байланысты еместігін айта кету керек. Еліміздің ашық саясаты және инфрақұрылымды дамыту мен қаржылық реформалары да өзгелерге тартымды болып көрінеді. Кездесуге қатысушылар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр өзара алыс-беріс 4% артып, 4 млрд доллардан асқан.

Михаил Нибладзе, Cerberus Frontier атқарушы директоры:

- Қазақстанның АҚШ-қа жоғары деңгейдегі делегация жібергені өте маңызды. Бұл елдің жергілікті компанияларымен ынтымақтастыққа дайын екенін танытады. Яғни, үлкен әріптестіктің бастауы болды. Жеке сектор мен мемлекеттік деңгейде байланыстарды нығайту үшін үлкен әлеует бар. Бұл кезең күрделі және егжей-тегжейлі назар аударуды талап етеді. Келесі қадам АҚШ пен Қазақстан арасындағы жобаларды нақты іске асыру болады деп үміттенемін.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?