Қазақстан-Корея ынтымақтастығының жаңа бағыттары Пусанда өткен Еуразия қалалары форумында талқыланды. Қазақстан Елшісі Бақыт Дүйсенбаев елдер арасындағы өзара тиімді серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 млрд 200 млн долларды құраса, биыл небәрі 5 айдың ішінде бұл көрсеткіш екі миллиард доллардан асты. Сонымен қатар қос тарап транзиттік әлеуетті дамытуға ниетті. Айта кетейік, бүгінгі таңда таңғы шық елі әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға байланысты өз тауарларын әлемдік нарыққа жеткізу бағыттарын қайта қарауда. Өз кезегінде Орталық Азия аймағының серіктестерге ұсынары бар.
Бақыт Дүйсенбаев, Корея Республикасындағы ҚР елшісі:
– Көптеген тауарларды жеткізу тізбегі бұзылған. Мысалы, бір белдеу – бір жол дәлізін, ТРАСЕКА-ны айтуға болады. Әртүрлі дәліздер, түрлі дәрежеде Орталық Азия аймағының нарығын қамтуда. Азық-түлік қауіпсіздігі тағы бір мәселе. Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуде әлеуеті мол.
Ом Гу Хо, Азия-тынық мұхиты елдерін зерттеу орталығының директоры: – Президенттеріңіз саяси даму мен демократияландыру жолында көп жұмыс атқаруда. Қазақстан мен Корея адам өмірінің қауіпсіздігін арттыру үшін білім беру және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастыққа назар аударуы керек. Біз сақтандыру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында серіктестігімізді дамыта аламыз.