Қазақстанда 2025 жылға қарай мұнай-газ химиясы өндірісінің көлемін 2 млн тоннаға жеткізу жоспарланған. Ал оның экспортын осы аралықта 8 есеге ұлғайту көзделген. Бұл жөнінде Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев Мәжілісте өткен отырыста мәлімдеді.
Оның айтуынша, басты мақсат - шикізат өндірісінен терең өңделген, құны жоғары мұнай өнімдерін шығаруға көшу. Осылайша, 2025 жылға дейін жалпы құны 4,7 млрд доллар болатын 5 зауытты іске қосып, жалпы құны 12,7 млрд доллар болатын 7 зауыттың құрылысын бастау көзделуде. Бұл орайда инвестиция тарту жағы да ескерілген дейді, ведомство басшысы.
Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрі:
- Мұнай-газ-химия жобаларының үлкен капиталды қажет ететіндігін және олардың өтелу мерзімдерінің ұзақтығын ескере отырып, осы салаға инвестициялар тарту мақсатында министрлік «бір құжат» қағидаты бойынша мұнай-газ-химия жобалары үшін инвестициялар туралы арнайы келісімнің заңнамалық тетігін енгізуді пысықтауда. 2021-2025 жылдары мұнай-газ-химия жобаларын іске асыруға 3,9 триллион теңге инвестиция тартылады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов