Биыл Қазақстанның ішкі
жалпы өнім өсімінің 70% астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз
етіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,5 трлн теңгені құрап, жеке
инвестициялардың көлемі 10% жуық өскен. Пезидент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Премьер-министр
еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары
туралы есеп берді. Олжас Бектеновтың дерегінше, қаңтар-қараша айлары аралығында
көлік қызметі 20%, құрылыс 15% шамасында және сауда 9% жуық, сондай-ақ ауыл
шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі 6%
төңірегінде ұлғайған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына макроэкономикалық
тұрақтандыру бойынша 2026-2028 жылдарға арналған бағдарламаның жүзеге асуы, бес
өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары аяқталғаны, Қазақстандық тауар өндірушілердің
реестрі іске қосылғаны, сондай-ақ шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер
аймақ» бірыңғай бағдарламасы қабылданғаны жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ, Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортқа ден қоя отырып,
егіс алқаптарының көлемін сақтау және оны ұлғайту көзделгеніне тоқталды. Қасым-Жомарт
Тоқаев еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруды
тапсырды.

