Қазақстанда өндіріс жанданып, отандық өнімдерді қайта өңдеу қарқын алып барады. Саладағы өсім жыл басынан 6% жуықтаған. Есесіне жергілікті тауар түрлерінің экспорттық әлеуеті арта түсті. Жалпы өзге елдер нарқымен алыс-беріс оңалып, сыртқы сауда-саттық қайта қызған. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев нақты сандық дәйекті деректер келтіре отырып мәлімдеді.
Әсет Ерғалиев, Ұлттық экономика министрі:
- Қаңтар-маусым айларында сыртқы сауда тауар айналымы 45,3 млрд долларды көрсетіп, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 27 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 25%, яғни 8,9 млрд долларға дейін өсті. Тауарлар импорты 18,3 млрд долларды құрады. Жалпы сауданың балансы 8,7 млрд долларды құрап, оң деңгейінде сақталды.
Әсет Ерғалиевтің дерегінше, жалпы биылғы 7 айда ел экономикасының өсу қарқыны 2,7% құрап отыр. Ал нақты сектордағы даму көрсеткіштері 3,6% жеделдеген. Әсіресе елдің қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділіктің артқаны байқалады. Инвестиция тарту жағы да еселене түскен. Өз кезегінде Үкімет басшысы Асқар Мамин маңызды әлеуметтік-экономикалық бағыттарда тұрақты өсімнің ұлғаюын қамтамасыз етуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Әкімдіктер осы өсу қарқынын төмендетпеуі тиіс. Өсу серпінін сақтау үшін экономиканы әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын сақтау бойынша жұмысты жалғастыру қажет.
Сонымен қатар Премьер-Министр мүдделі органдарға әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру бойынша тапсырмалар берді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов