Қазақстандықтар криптовалюта әлемін ашуда. Бүгінде отандастарымыздың көбі жинақтарын цифрлық ақшаға айналдыруда. Ең танымал әрі тұрақты цифрлық қаржы ретінде «Bitcoin» танымал. «Алайда нақты табыс алу үшін оны сатып алушылар кем дегенде 4 жыл күтуі керек», – дейді мамандар. Әрине, басқа криптовалюталар да тез өсуде, алайда оған сену қазір қауіптірек. Қарапайым сөзбен айтқанда, егер бүгін олар сұранысқа ие болса, ертең олардың бағасы күрт төмендеп инвесторлар қаражаттан айырылулары мүмкін.
Гимран Абдрахманов, компанияның бизнесті дамыту жөніндегі бас менеджері:
- Кіріс жағынан айтатын болсақ, бұл – өте тартымды нарық. Өйткені қаржы нарқымен салыстырсақ, кірісі жоғарырақ. Сондықтан көбіне қызықты. Әрине, ол құбылмалы, бұған қоса криптовалютаға цифрлық актив құюдың өзіндік тәуекелдері бар. Сондықтан да салған инвестиция адамның тырнақтап жинаған соңғы қаражаты болмауын ескерген жөн. Яғни тәуекелге баратындай жағдайы болуы керек.
Әлемде сандық ақша нарығы жыл сайын дамып келеді. Қазір оның көлемі 2 трлн долларды құрайды, ал монеталардың саны 12 мыңнан асты. Биржалар бүгінде алуантүрлі, олардың саны 400-ден асады. Ал қарапайым адамға бұл түсініксіз құбылыс. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктердің пайда болуымен қатар алаяқтардың жаңа схемалары да пайда бола бастады. «Сондықтан бұл жерде тек лицензияланған компанияларға ғана сенім арту керек», – деп кеңес береді мамандар. Лицензиясы бар компаниялардың тізімін «Астана» қаржы орталығының ресми сайтынан табуға болады.
Айдар Бекназаров, компанияның бас комплаенс-менеджері:
- Лицензия дегеніміз не? Бұл – компанияға комплаенс жүйесін енгізуге және «Астана» халықаралық қаржы орталығының талабын орындауға міндеттейтін құжат. Бұл – нормаларға сәйкес уақытылы есеп тапсыру. Мұның бәрі – сіздің ертеңгі табысыңыз таза болады дегеннің кепілі.
Кейбірі өз қаражатын сандық ақшаға айналдырып жатқанда, басқалары бизнесті кеңейтуге немесе жаңа идеяларды жүзеге асыруға қаржы қажет нақты компанияларға инвестиция салғысы келеді. Бүгінде Қазақстанда өз ісін жүргізу үшін барлық жағдай жасалып келетінін айта кеткен жөн. Мысалы қараша айында жаңа платформа іске қосылады, онда кәсіпкерлер өз кейстерін жариялай алады, ал инвесторлар оларды қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл – елдегі алғашқы интернет-алаң.
Алпамыс Алпыс, компанияның негізін қалаушы:
- Біздің мақсатымыз – ұсыныстың инвесторға барынша қызықты болуын қамтамасыз ету. Инвестор қаржысын басқа компанияға немесе депозитке салып қоймас үшін одан айырылып қалмауымыз керек. Нақты бізді таңдауы керек. Яғни біздің тұғырнаманы таңдаған компаниялар инвестор үшін таласады. Ал инвесторлар түрлі компанияларға қаржы салуға құқылы. Мақсатымыз – түрлі саланың үздік компанияларын барынша көбірек ұсыну.
«Бүгінгі таңда жаңа платформада өздерін орналастыруды жоспарлап отырған компаниялардың саны жеткілікті», – деді Алпамыс Алпыс. Сайт биыл іске қосылады, яғни компаниялар 2022 жылдың басынан алғашқы келісімдерін жасай бастайды. Мұнда стартап идеяларға сенетін кез келген адам инвестор бола алады.
Авторы: Ақзер Сегізбай