Ұлытау облысында алғашқы жел электр станциясы салынып жатыр

Ұлытау облысында алғашқы жел электр станциясы салынып жатыр

Ұлытау облысында бірінші жел электр станциясы салынып жатыр. Қуаты 100 мВт болатын нысан Жезқазған мен Сәтпаев қалаларының арасында орналасады. Онда 16 жел турбинасы орнатылады. Бүгінгі таңда бөлінген учаскеде жұмыстар басталып кетті. Генераторлар өндірген электр энергиясы шағын станцияға жіберіледі, ол жерден ол елдің бірыңғай энергетикалық жүйесіне бөлінеді.

Айта кетейік, жобаны іске асыруға қазақстандық және қытайлық инвесторлар қатысуда. Жел электр станциясының құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Алмат Саухимов, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:

– Сәтбаев қаласының төңірегінде Никольский 1 станциясының маңайында инвистициялық жоба іске асырылып жатыр. Жобаның құны 24,5 млрд теңге. 35 кВт-пен келіп 220-ға өңделіп, Никольский 1 КЕГОК-тың жалпы Қазақстандық электр желілеріне тоқ өндіріледі. Бұл жерде қазіргі таңда 50 адам жұмыс атқарып жатыр, құрылыс аяқталған соң тұрақты түрде 11 адамдық жұмыс орны болады.

Сондай-ақ, өңірде тағы бір энергетикалық нысан салу жоспарлануда. Келер жылы қуаттылығы 1 гВт жел электр станциясының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Құрылыс алаңы 20 гектарды құрайды. Жалпы, Қазақстанда 2024 жылдың алғашқы 6 айында электр энергиясын өндіруде жасыл энергетиканың үлесі 6,5%-ға тең келді. Қазір республикада баламалы энергетиканың 148 нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде – 59 жел, 46 – күн, 40 – су және 3 биогаз электр станциясы бар. Тағы осындай 50 жобаны іске қосу жоспарлануда.