Домбыра күні қарсаңында Ұлттық музейде халық аспаптарының бірегей көрмесі ашылды. Домбырадан бастап, қобыз, шертер, жетіген мен асатаяқ сияқты барлығы 175 экспонат көпшілік назарына ұсынылды. Құнды экспозицияға Әміре Қашаубаев, Жаяу Мұса, Күләш Бәйсейітова, қазақ халқының басқа да ұлы тұлғаларының аспаптары қойылды.
Қайрат Байбосынов, Қазақстанның халық артисі:
– Осы көргенде жүрекке бір жылу ұялатады. Қаншама ондай ардақтыларымыздың домбыралары сақтаулы ғой музейде. Келіп көріп жатыр, бәрі тамсанып, бір қызық дүние болып жатыр. Демек, халыққа бұл ұлттық күніміз ұнайды.
Рашида Харипова, ҚР орталық мемлекеттік музейінің директоры:
– Қазақ халқының ең ерекше мерекелірінің бірі де бірегейі бұл – Ұлттық домбыра күні. Және бүгінгі күні біз мемлекеттік орталық музей қорындағы 277-нің ішіндегі ерекше жәдігерлеріміз – домбыралар коллекциясының көрмесін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына алғаш рет ұсынып отырмыз.