Қазақстандық Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады

Қазақстанда Каспий теңізі жаңа деңгейде зерттеледі. Елде ғылыми-зерттеу институты құрылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су ресурстары мен ирригация министрлігі осы шешімге қатысты тиісті жоба жасады. Бұл ғылыми орталық Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын зерттеумен айналыспақ.

Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары мен иррагация бірінші вице-министрі:
- Қазір, өкінішке орай, Каспий теңізіндегі ахуал мониторингі жүргізілмейді. Бұл институт осы олқылықтың орнын толтырады. Ғылыми зерттеу жүргізу үшін, алдымен жаңа ақпарат қажет. Сондықтан, мемлекеттік мониторинг толықтай осы институт арқылы жүргізіледі. Қандай проблеманың бар екенін айтпасақ та барлығы біледі. Олар – итбалықтар, балық ресурсы, Каспий теңізі акваториясының ластануы мен мұнай өндіруші компаниялардың жұмысы.

Ғалымдар Каспий теңізінің экожүйесіндегі әр өзгерісті бақылап отырады. Оның нәтижесі бойынша тәуелсіз мәліметті ұсынады. Бұл ақпараттардың барлығын мемлекеттік деңгейдегі шаралар жүргізудің кешенді жоспарын жасау үшін пайдаланбақ. Институттың тағы бір бағыты – Каспий жағалауындағы өзге елдердегі әріптестермен тығыз байланыс орнату. Бұл өз кезегінде Каспий теңізін сақтаудағы барлық ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді.