Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары үшін жаңа ұғым енгізіліп, жаңа медиаға анықтама беріледі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев «Astana Media Week» апталығында мәлімдеді. Оның айтуынша, БАҚ туралы заңға енгізілуі мүмкін өзгерістер журналистер арасында талқыланады.
Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
- Жаңа технологиялардың дамуына байланысты БАҚ-ты заңнамалық дамыту мәселесін пысықтап жатырмыз. Атап айтар болсақ, заңға өзгертулер енгізуді жоспарлап отырмыз. Оны журналистер қоғамдастығымен талқылаймыз және ол 2023 жылы қабылдануы мүмкін. Жаңа медиаға анықтама береміз. Бұл – интернеттегі барлық жаңа платформа, дамушы ақпарат. Оған іздеу жүйесін, ОТТ платформасы мен әлеуметтік желілерді жатқызамыз. Қазақстандағы жұмыс ережесін бекітеміз. Медиа-өлшем процедурасы заңнамалық тұрғыда енгізіледі.
Айта кетейік, елордада «Astana Media Week-2021» жыл сайынғы медиа апталығы басталды. Іс-шараға беделді әлемдік БАҚ-тың топ-менеджерлері, мемлекеттік аппарат өкілдері, танымал журналистер, документалистер, сондай-ақ АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның блогерлері қатысуда. «Astana Media Week-2021» екі күнге созылады. Шара онлайн және офлайн форматта өтеді.
Авторы: Ақзер Сегізбай