Қазақстандықтардың 61% ресми медицинаға сенеді

Қазақстандықтардың 61% ресми медицинаға сенеді. Яғни, ел азаматтарының дені дертіне шипа табу үшін емханалардың  қызметіне жүгінген дұрыс деп санайды. Жетекші халықаралық фармацевтикалық компанияның елімізде жүргізген зерттеу нәтижесі осындай. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан респонденттердің тең жартысы денсаулық мәселесінде отандық ғалымдарға сенім артатынын білдірген. Қазақстанда пандемия кезінде жаһандық трендке айналған телемедицина да қарқынды дамып келеді. Күрделі емес ауруларға шалдыққан отандастарымыздың үштен екісі дәрігер кеңесін қашықтан, яғни веб-камера арқылы алуды қалайды. Оған жергілікті цифрлық медицинаның қауқары жетеді дейді, шетел мамандары. Жалпы сауалнамаға 2 мыңға тарта отандасымыз тартылған. Олар 8 бағытта 43 сұраққа жауап берді. Бұл орайда айта кетерлігі, барлығы 15 елді қамтыған дәстүрлі еуропалық зерттеуге Қазақстан биыл алғаш рет енген.       

Арминас Мацевичус, ТМД елдері бойынша STADA директоры:

– Зерттеудің басты мақсаты халықтың постковидтік кезеңдегі халықтың жағдайын білу, қазір денсаулыққа қатысты қандай өткір мәселелер барын анықтау. Қазақстан халқы қазір жергілікті  медицинада қолданылатын цифрлық технологияларды жоғары бағалады. Мәселен, тұрғындардың дені   заманауи  QR - кодтарды пайдаланып, дәрі-дәрмекті онлайн сатып алуға бейім екендіктерін танытты. Бұл цифрландыру деңгейі Қазақстанда Еуропалық көрсеткішке қарағанда біршама жақсы дамығанын білдіреді. Бұл зерттеу жұмыстары алдағы жылдары да  жалғасын табады. Бізге динамиканың қаншалықты өзгеретіні қызықты.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов