Қазақстан құрамасының қоржынында жазғы Париж Олимпиадасына әзірге 50 лицензия бар. Елдің салалық министрлігі оның қатары әлі толыға түсетініне сенімді. Төртжылдықтың басты спорттық додасына 3 айдан аз уақыт қалды. Оған дейін жолдама сарапқа салынатын 40-тан астам әлемдік және құрлықтық дода өткізіледі. Мәселен, сәуір айында отандық спортшылар 18 жолдама жеңіп алса, мамыр айында 20 лицензия алуды көздеп отыр. Арнайы дайындық штабы құрылды. Депутаттар ұлттық құраманың олимпиадаға дайындық барысымен танысты.
Ардақ Назаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Медальдан, әсіресе, алтыннан үмітіміз көп. Боксшыларымыздан, күресшілерімізден күтеміз. Уақыт өте аз қалды. Сол аз уақытты пайдалана отырып, дайындықты, психологиялық тұрғыдан, медициналық тұрғыдан жан-жақты бабы да, бағы да сәйкес келуі үшін үлкен бір еңбек, үлкен жұмыс қажет.
Еске сала кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Барлығы 32 спорт түрінен жүлде алуға төрткүл дүниеден 10 мыңға жуық спортшы бақ пен бап сынаспақ.