«Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша шетелдiк оқу орнында оқу ақысын төлеуге шектеулер жоқ. Бұл жөнінде елдің Қаржы министрлігінің департамент директоры арнайы брифинг барысында мәлімдеді. Айбол Арғынғазиновтың айтуынша, Ұлттық қордың ақшасы балалардың шотына ақпанның бірінен аударыла бастайды. Жыл соңына дейін кәмелетке толмаған балалардың нақты саны мен қанша қаражат бөлінетіні белгілі болады. Барлық деректер автоматты түрде жеке тұлғалардың мемлекеттік мәліметтер базасынан алынады. Еске салайық, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының жартысы арнаулы жинақтаушы есепшоттарға аударылады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін салынады, оны мерзімінен бұрын шығарып алуға болмайды. Жиналған бар соманы кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Тағы бір айта кетерлігі, арнаулы есепшоттар әр балаға автоматты түрде ашылады.
Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:
- Ата-аналардың негізгі тексеретін екі көзі болады. Бірінші электронды үкіметтің порталы, екіншісі біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының порталы. Болмаса осы екуінің де мобильдік қосымшаларынан көруге болады. Мәселен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке сәйкестендіру номерін теру арқылы көрінетін болса, электронды үкімет порталында әрбір-ата-ананың жеке кабинетінде көрініп тұрады.